СҚО полицейлеріне қызметтік жаңа көліктер табысталды
Солтүстік Қазақстан облысында құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бүгін салтанатты жағдайда облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов полиция қызметкерлеріне 100 жаңа қызметтік автокөліктің, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттары операторларының арнайы взводын жасақтауға арналған 4 жол талғамайтын квадроциклдің кілтін табыстады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес құқық қорғау органдарының әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Биыл осы мақсатқа облыста шамамен 1,3 млрд теңге бағытталды. Жыл басынан бері полицияның қызметтік автопаркі 80 жаңа автокөлікпен толықтырылса, бүгінгі табысталған техника өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкіндіктерін одан әрі күшейте түседі.
Сонымен қатар облыстың орман шаруашылықтарының өрт қауіпсіздігін арттыру мақсатында 29 өрт сөндіру автокөлігі берілді.
Қазіргі таңда құқық қорғау саласында заманауи цифрлық технологиялар кеңінен енгізіліп, «Қауіпсіз қала» жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жедел басқару орталықтары жаңғыртылып, құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары күшейтіліп, жаңа технологиялардың мүмкіндіктері тиімді пайдаланылып келеді.
Жаңа техниканың пайдалануға берілуі полиция қызметкерлерінің жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырып, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Іс-шара барысында өңір басшысы ішкі істер органдарының қызметкерлері мен ардагерлеріне адал қызметі, жоғары кәсібилігі және ел тыныштығын сақтауға қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдірді. Үздік қызметкерлер Алғыс хаттармен марапатталды.

