СҚО-да 3 теміржол вокзалы пайдалануға берілді
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Осы бағдарлама аясында республика бойынша 124 теміржол вокзалы қайта жаңғыртылуда. Солтүстік Қазақстан облысында Саумалкөл, Жаңаесіл және Тайынша теміржол вокзалдары күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді.
Жаңартылған вокзалдардың салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов қатысты.

Жаңғырту барысында вокзал ғимараттары мен инженерлік инфрақұрылым кешенді түрде жаңартылды. Ғимараттардың қасбеттері мен ішкі бөлмелері жөнделіп, іргелес аумақтар абаттандырылды. Жолаушыларға, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасалды. Бүгінде вокзалдар қауіпсіздік, қызмет көрсету сапасы және қолжетімділік бойынша заманауи талаптарға толық сәйкес келеді.
— Теміржол вокзалдары ондаған жылдар бойы елді мекендердің маңызды көлік торабы әрі ажырамас бөлігі болып келеді. Оларды жаңғырту – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, көлік қатынасының қолжетімділігін кеңейтуге және өңір тұрғындары мен қонақтарының сұранысына сай заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға қосылған маңызды үлес, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ өңір басшысы тұрғындарды жаңартылған нысандардың пайдалануға берілуімен құттықтап, жобаны жүзеге асыруға атсалысқан құрылысшыларға, жобалаушыларға, теміржол саласының қызметкерлеріне және барлық мамандарға ризашылығын білдірді.

