СҚО-ның белді журналисі Президент қолынан марапат алды
Ақордада өткен салтанатты жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, мемлекеттік наградалар табыстады. Мемлекет басшысының айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарын ұлттың үні, қоғамның айнасы деуге толық негіз бар. Өйткені өз азаматтарымызбен қатар, күллі әлем қауымдастығы елімізде жасалып жатқан ауқымды өзгерістердің түпкі мәнін, ең алдымен, отандық медиа арқылы біледі. Президенттің пікірінше, отандық бұқаралық ақпарат құралдары өздеріне жүктелген жауапты миссияны жоғары деңгейде атқару үшін халықаралық медиа қоғамдастықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тиіс.

БАҚ қызметіне қажетті жағдай жасалғанын айтқан Президент журналистердің жалған ақпарат таратуға қарсы күресте атқаратын рөліне тоқталды. Сондай-ақ дәстүрлі медианың өз маңызын жоймайтынына назар аударды.
Салтанатты жиында Қасым-Жомарт Тоқаев отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқан бір топ БАҚ қызметкерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Сондай-ақ журналистерге Президенттің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығы, гранты және Алғысы тапсырылды.
Еңбегі еленіп, елорда төрінде құрметке бөленгендердің қатарында облыстық «Soltüstık Qazaqstan» газеті қоғамдық-саяси бөлімінің меңгерушісі Өмір Есқали бар. Мемлекет басшысы кәсіби мерекеге орай тәжірибелі журналистің кеудесіне «Құрмет» орденін тақты. Өмір Шалабайұлы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «Қызылжар» газетін шығарып, ұлт мүддесі жолындағы істерге бастамашылық етіп, жас мемлекеттің солтүстік іргесін бекемдеу ісіне белсене қатысты. Кейін көп жылдар бойы республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің меншікті тілшісі қызметін атқарды.

