Есіл ауданында IT-орталық пен жаңа Мәдениет үйі ашылды
Есіл ауданы – елімізде алғаш болып ауылдық IT-орталықтар ашыла бастаған өңір. Бүгін Петровка ауылында осындай төртінші заманауи IT-орталықтың есігі айқара ашылды. Жаңа орталық балалар мен жастардың цифрлық сауаттылығын арттырып, заманауи технологияларды меңгеруіне әрі болашақтың сұранысқа ие мамандықтарын игеруіне мүмкіндік береді.
Сондай-ақ салтанатты түрде жаңа Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Заманауи нысан ауылдың қоғамдық және мәдени өмірінің жаңа орталығына айналып, тұрғындардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге жол ашады.
Соңғы екі жылда Петровка ауылдық округінде жалпы құны 2 млрд теңгеден асатын инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Петровка және Бірлік ауылдарындағы ауылішілік және кіреберіс жолдар жөнделді. Өткен жылы Бірлік ауылында сумен жабдықтау жүйесі пайдалануға беріліп, соның нәтижесінде 147 тұрғын сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді.
Жалпы соңғы үш жылда Есіл ауданында 120 шақырымнан астам автомобиль жолы жаңғыртылды. Оның ішінде 59,5 шақырымы – республикалық, 20 шақырымы – облыстық және 41,1 шақырымы – аудандық маңызы бар жолдар.

