Креативті жәрмеңкеде СҚО-ның туристік әлеуеті таныстырылды
Астанада республикалық «Creative Aimaq» жобасы аясында өткен «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» креативті жәрмеңкесінде Солтүстік Қазақстан облысының мәдени, туристік және инновациялық әлеуеті таныстырылды. Өңір экспозициясымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысты.

Солтүстік Қазақстан – адамзат тарихында жылқы алғаш қолға үйретілген Ботай мәдениетінің алтын бесігі. Бүгінде бұл бірегей тарихи мұра креативті экономиканы, заманауи технологияларды және инновациялық жобаларды дамытуға берік негіз болып отыр.
Жәрмеңкеде өңірлік брендтер, халық шеберлерінің төл туындылары, сондай-ақ жасанды интеллект, робототехника, GameDev, VR/AR, 3D басып шығару және өзге де цифрлық технологиялар саласындағы заманауи әзірлемелер көпшілік назарына ұсынылды.
Солтүстікқазақстандық шеберлер мен креаторлардың өнімдері келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Жәрмеңкенің қорытындысы бойынша жалпы сомасы 4,9 млн теңгенің өнімі сатылды.
— Жәрмеңкеге қатысу өңіріміздің әлеуетін кеңінен таныстыруға ғана емес, жергілікті өндірушілердің өнімдеріне деген жоғары сұранысты айқын көрсетті. Креативті индустрия бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы экономикасының маңызды бағыттарының біріне айналып келеді. Бұл сала өңір бренді мен жергілікті кәсіпкерлерді ілгерілетуге, талантты азаматтардың жаңа бастамаларын жүзеге асыруға кең мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі.

