Петропавлда мыңнан астам «ақылды» бейнекамера орнату көзделген
Петропавлда тұрғындардың өмірін қауіпсіз ету мақсатында «ақылды» бейнекамералар жұмысы жалғасады. Бұл туралы қала әкімі Серік Мұхамедиев тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуінде мәлімдеді.

Биыл Петропавлда 1 140 бейнебақылау камерасын біріктіретін интерактивті карта жасалады.
— 495 камера қоқыс алаңдарында орнатылады. Олар контейнерлердің толуын, ірі көлемді қоқыстың заңсыз тасталуын және қоқыстың уақытылы шығарылуын бақылайды. 105 камера адамның жүзін тану арқылы құқық бұзушылықтарды анықтайды. Ал 240 камера жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркесе, 300 камера көліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлерін оқиды, – деді Серік Мұхамедиев.
Сонымен қатар Петропавлда бейімделетін «ақылды» бағдаршамдар іске қосыла бастады. Алғашқысы Жамбыл мен Абай көшелерінің қиылысында орнатылған.

