Петропавлда түнде бүлдіршін терезеден құлады
Петропавлда бес жасар бала көпқабатты үйдің екінші қабатынан құлап, жедел ауруханаға жеткізілді. Оқиға шілденің 9-ы күні сағат 03:00 шамасында орын алды.
Облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жедел жәрдем бригадасымен шұғыл жеткізілген. Алдын ала ақпарат бойынша, ол екінші қабаттың терезесінен жерге құлаған.
Медицина қызметкерлері алғашқы көмекті бала ауруханаға жеткізіліп жатқан жолда көрсеткен. Тексеру барысында дәрігерлер балаға жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы, ерінінің жыртылған жарақаты және сол жақ сан сүйегінің жабық сынуы диагнозын қойды.
Науқас шұғыл түрде операция бөлмесіне жеткізіліп, көктамыр ішіне наркоз берілгеннен кейін травматолог-дәрігерлер сан сүйегіне қаңқалық тарту әдісін қолданды. Қазіргі уақытта баланың жағдайы тұрақты, ауырлығы орташа деп бағалануда. Дәрігерлердің айтуынша, оған қажетті ем толық көлемде көрсетіліп жатыр. Бала тәулік бойы мамандардың бақылауында.

