СҚО су айдындарында рейдтер өтуде
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер мен құтқарушылар су айдындарында профилактикалық рейдтер жүргізуде.
Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, рейдтердің мақсаты — жазатайым оқиғалардың алдын алу. Сондай-ақ, азаматтарға суда қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін түсіндіру және құқық бұзушылықтың алдын алу.
16 шілдеде Қызылжар ауданының Соколовка ауылында рейд барысында полиция қызметкерлері Есіл өзенінде белгісіз жерде шомылып жүрген 41 жастағы ер адамды анықтады. Ортақ су пайдалану ережелерін бұзғаны үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
20 шілдеде кезекті бірлескен рейдтік іс-шара Есіл өзенінде өтті. Полицейлер мен құтқарушылар демалушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, суда қауіпсіздік шараларын еске салды. Заңнама талаптарын түсіндіріп, азаматтарды тек арнайы жабдықталған және суға түсуге рұқсат етілген орындарда демалуға шақырды.
Суға шомылу маусымы басталғалы бері облыс бойынша ортақ су пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 208 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полицейлер мен құтқарушылар облыс тұрғындары мен қонақтарына қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау — өмір мен денсаулықты сақтаудың кепілі екенін ескертеді.
— Тек рұқсат етілген және жабдықталған орындарда ғана шомылыңыз. Балаларды судың қасында қараусыз қалдырмаңыз. Кәмелетке толмағандардың ересектердің еріп жүруінсіз су айдындары мен балық аулауда өз бетінше болуына жол бермеңіздер, — деп атап өтті баспасөз қызметі.

