СҚО-дан Семейге тартуы
«Абайға құрмет» акциясының алғашқы нысаны: Семейде СҚО тартуы – Мемлекеттік рәміздер алаңы ашылды. Абай күніне орай Семей қаласында Мемлекеттік рәміздер алаңы салтанатты түрде ашылды. Жаңа қоғамдық-мәдени нысанды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында Солтүстік Қазақстан облысы салды.

Мемлекеттік рәміздер алаңы – «Абайға құрмет» акция аясында салынып, ашылған алғашқы нысан. Салтанатты рәсімге Абай облысының әкімі Берік Уәли мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов қатысты. Іс-шара барысында сөз сөйлеген Нұрлан Кеңесов өңір тұрғындарына Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің құттықтауын жеткізді.
— Солтүстік Қазақстан облысының Абай еліне жасаған тартуы – жай ғана жаңа нысан емес. Бұл – ұлы Абайға, ұлттық құндылықтарымыз бен халқымыздың рухани мұрасына деген терең құрметтің жарқын белгісі. Мемлекеттік рәміздер алаңы елдік рухты асқақтатып, өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен мемлекетке адалдық қасиеттерін қалыптастыруға қызмет етеді. Бүгінгі тарту – Ертіс пен Есілді жалғаған достықтың, Шығыс пен Солтүстікті табыстырған бауырластықтың және тұтас халқымыздың бірлігінің нышаны, – деп атап өтті Нұрлан Кеңесов.
Мемлекеттік Туды, Елтаңбаны және Гимнді біртұтас сәулеттік ансамбльге біріктірген алаң Семейдің жаңа қоғамдық кеңістігіне айналды. Аумағы 2 гектарды құрайтын нысанның орталық бөлігі диаметрі 28 метр болатын шеңбер түрінде салынған. Сәулеттік композицияның басты элементі – Мемлекеттік Ту орнатылған биіктігі 35 метрлік тұғыр. Мемлекеттік Елтаңба мен Мемлекеттік Гимннің мәтіні 10 метр биіктікте орналасқан.
Алаң аумағында жаяу жүргіншілер жолдары мен демалыс орындары қарастырылып, орындықтар қойылып, гүлзарлар абаттандырылды. Жобаның бас мердігері – солтүстікқазақстандық Miras Group компаниясы.

