СҚО жолдарында 25 қаза тауып, 414 адам жарақат алды
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 287 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 25 адам қаза тауып, 414 адам жарақат алған. Оның ішінде республикалық маңызы бар автожолдарда 48 жол-көлік оқиғасы болып, 19 адам көз жұмған, 85 адам жарақат алған.
СҚО ПД мәліметінше, полиция қызметкерлері дронның көмегімен жолдағы жағдайды бақылап, көлік құралдарын тексерді және жүргізушілермен профилактикалық әңгімелер жүргізеді. Тәртіп сақшылары шаршаған күйде көлік жүргізбеу, белгіленген жылдамдықты сақтау және қарсы қозғалыс жолағына шықпау қажеттігін ескертеді. Сонымен қатар криминалдық полиция қызметкерлері жүргізушілерге интернет-алаяқтық пен өзге де қылмыстардан сақтануға арналған ақпараттық жадынамалар таратады.
Бұған дейін осындай профилактикалық шаралар облыстың Қызылжар және Мамлют аудандарында да жүргізілген. «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы 10 тамызда басталып, 12 тамызға дейін жалғасады. Оның негізгі мақсаты – жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтардың алдын алу және жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

