СҚО-да полиция жолдардағы ауыл шаруашылығы техникасына бақылауды күшейтті
Егін жинау науқаны басталған кезеңде Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында тракторлар, комбайндар және жүк көліктерінің қозғалысы артады. Осыған байланысты полицейлер ауыл шаруашылығы техникасының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстарды күшейтті.

13 тамызда Жезқазған – Петропавл автожолының 834-шақырымында МТЗ-80 тракторы тіркемесімен Chevrolet автокөлігімен соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан трактор бүйіріне аударылып, жеңіл автокөлік жол жиегіндегі орға түсіп кеткен. Оқиға кезінде автокөліктің екі жолаушысы зардап шекті.
Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында полицейлер көлік қозғалысы қарқынды учаскелерде профилактикалық рейдтер өткізіп, ауыл шаруашылығы техникасы мен жүк көліктерінің жүргізушілеріне жол қауіпсіздігі талаптарын түсіндіруде. Бақылау барысында габаритті техниканы тасымалдау талаптарына ерекше назар аударылады. Мұндай тасымал үшін тиісті органдардың рұқсаты қажет, ал кей жағдайларда арнайы ілесіп жүру ұйымдастырылады.
Техника тіркемелер мен арнайы платформалар арқылы тасымалданған кезде оның берік бекітілуі қамтамасыз етілуі тиіс. Сонымен қатар сары түсті жарқылдауық маякты пайдалану қажет. Бұл талап әсіресе көріну қашықтығы төмен жағдайларда маңызды. Егін жинау жұмыстары жүргізіліп жатқан және ауыл шаруашылығы техникасы жолдың жүріс бөлігіне шығатын учаскелерде жүргізушілер белгіленген жылдамдық режимін сақтап, көлік құралдары арасындағы қауіпсіз арақашықтық пен бүйірлік интервалды ұстануы қажет.
Тасымалданатын астық пен өзге де ауыл шаруашылығы өнімдері де талапқа сай әрі берік бекітілуі тиіс. Жолға шашылған астық басқа жол қозғалысына қатысушылар үшін қауіп төндіріп, жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін. Полицейлер шаруашылық басшыларын ауыл шаруашылығы техникасының техникалық жарамдылығын алдын ала тексеріп, оны тасымалдау мен жолға шығару кезінде барлық қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады.
Егін жинау науқаны кезінде жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ортақ міндет. Әр жүргізушінің жауапкершілігі адам өмірі мен денсаулығын сақтауға тікелей әсер етеді.

