СҚО-да 400-ге жуық зейнеткер киберқауіпсіздік чатына қосылды
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер интернет-алаяқтықтың алдын алу және тұрғындардың киберқауіпсіздік жөніндегі сауаттылығын арттыру мақсатында WhatsApp мессенджерінде үш арнайы топ құрды. Олардың бірі зейнеткерлерге, екіншісі білім беру, үшіншісі денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне арналған.
Топ мүшелеріне күн сайын интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері мен сақтану жолдары туралы ақпарат, сондай-ақ киберқылмыскерлердің арбауына түспеуге көмектесетін пайдалы кеңестер жіберіледі.
Полиция қызметкерлері профилактикалық кездесулер барысында тұрғындарға арнайы топтарға қосылуға мүмкіндік беретін QR-кодтарды таратады. Осындай жұмыс Петропавл қаласындағы Сәтбаев көшесінде өткен бірыңғай профилактика күні аясындағы іс-шара кезінде де ұйымдастырылды.
Іс-шараға полицияның барлық бөлімшелері жұмылдырылып, профилактикалық есепте тұрған азаматтардың тұрғылықты жерлері тексерілді.
Сонымен қатар тұрғындармен қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлерге ерекше назар аударылды.
Тәртіп сақшылары егде жастағы қала тұрғындарына зейнеткерлерге арналған чатқа қосылуды ұсынды. Полицияның пікірінше, профилактикалық жұмыстың бұл форматы қарттардың алаяқтық схемалары туралы хабардарлығын арттырып, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға дер кезінде мән беруге мүмкіндік береді.
— Бұл бағыттағы жұмыстың өзектілігі де жоғары. Қашықтан жасалатын алаяқтық қылмыстарының құрбандарының әрбір төртіншісі — зейнеткер. Жыл басынан бері интернет-алаяқтықтан 363 адам зардап шексе, олардың 88-і — зейнет жасындағы азаматтар. Қазір арнайы чаттарға шамамен 400 зейнеткер, 500 медицина қызметкері және 300 педагог қосылған, — дейді полиция қызметкерлері.


