«Петропавл – Қорған» тасжолының 30 шақырымы қайта жаңғыртылды
Солтүстік Қазақстан облысында республикалық маңызы бар «Астана – Көкшетау – Петропавл – РФ шекарасы» автомобиль жолының қайта жаңғыртылған 30,2 шақырымдық учаскесінде көлік қозғалысы ашылды. Өңір тұрғындары бұл жолдың жаңартылуын тоғыз жылға жуық күтті.

Аталған тасжол өңір үшін стратегиялық маңызға ие және Қазақстан мен Ресей Федерациясын байланыстыратын маңызды транзиттік дәліздің бір бөлігі саналады. Бұл бағыт арқылы екі елдің ірі өнеркәсіптік және экономикалық орталықтары арасында жүк және жолаушылар тасымалы жүзеге асырылады.
Қайта жаңғырту аясында жол жабыны жаңартылып, жол бойындағы инфрақұрылым да заманауи талаптарға сай абаттандырылды. Жүргізушілер мен жолаушылар үшін санитарлық-гигиеналық тораппен және төрт демалыс күркесімен жабдықталған арнайы демалыс алаңы салынды.

