СҚО-да кене энцефалиті 7 адамнан анықталды
Жыл басынан бері облыста кене 766 адамды шаққан. Оның 217-сі 14 жасқа дейінгі бала екен.
Өткен жылы кене 810 адамды шаққан, оның 207-сі бала болған. Мамандардың сөзінше, денеден жабысқан кенені көрген жағдайда ең алдымен сабыр сақтаған жөн. Мүмкіндік болса, медициналық ұйымға барып, кенені қауіпсіз түрде алдырған дұрыс.
— Бірден медициналық көмекке жүгіну мүмкін болмаса, кенені арнайы құралмен немесе пинцетпен абайлап алып тастауға болады. Жәндікті теріге барынша жақын жерінен ұстап, ақырын алу қажет. Кене алынғаннан кейін шаққан жерді антисептикпен өңдеген жөн. Мүмкіндік болса, алынған кенені кейін белгіленген тәртіппен зерттеу үшін сақтап қойған дұрыс. Кенені қолмен жаншуға, қатты тартуға немесе бұрап шығаруға болмайды. Сондай-ақ оған май, спирт, вазелин, тырнақ бояуын жағу сияқты халықтық әдістерді қолданбаған дұрыс. Кенені күйдіруге де болмайды, — дейді СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов.
Биыл кене шаққандардың 7-уінде кене энцефалиті анықталды.

