СҚО-да ішімдік ішке 200 оқушы ұсталды
Жаңа оқу жылындағы балалардың қауіпсіздігі әрқашан назарда. Білім күнінде полицейлер күшейтілген режимде жұмыс істейтіні белгілі. Бұл ртте ПД құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мектептерде оқушыларға профилактикалық дәрістер өткізеді.
Кездесулер барысында құқық бұзушылықтың алдын алу, қауіпсіздік ережелерін сақтау және балалардың дұрыс мінез-құлқын қалыптастыру мәселелеріне басымдық беріледі.
Ал бірер күннен кейін Полиция департаментінің басшылығы ата-аналармен үлкен жиын өткізіп, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелерді талқыламақ.
— Өңірде «Балаларға назар аударыңыз!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Оның мақсаты — балалар арасындағы құқық бұзушылықтың және оларға қатысты қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мәселен жыл басынан бері заңнама талаптарын бұзғаны үшін 3 780 жасөспірім әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — дейді СҚО ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Әлібек Ғабдуллин.
Полицейдің айтуынша, ең жиі кездесетін құқық бұзушылық — жасөспірімдердің түнгі уақытта ересектерсіз жалғыз жүруі. Жыл басынан бері мұндай 2 378 факт анықталған.
Сонымен қатар ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін орындамауы бойынша 976 дерек тіркелген. Кәмелетке толмағандардың алкогольдік ішімдік ішуіне байланысты — 200, ұсақ бұзақылық бойынша — 153, ал жасөспірімдерді ойын-сауық орындарына кіргізуге қатысты 30 факт анықталған.
Полиция ата-аналарды жасөспірімдердің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауды ескертеді. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, балалардың сағат 23:00–ден 06:00–ге дейін заңды өкілінсіз тұрғынжайдан тыс жерде жүруіне жол берілмейді.

