Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан
Источник погодных данных: Ауа райы

Законопослушный гражданин

Ақпарат агенттігі

E-Joldar Қазақстанның жол саласын бірыңғай цифрлық экожүйеге біріктіреді

Қазақстанда автомобиль жолдары туралы барлық негізгі ақпаратты біріктіретін E-Joldar бірыңғай цифрлық экожүйесі қалыптастырылуда. Жаңа платформа жолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстары, пайдаланылған материалдар, зертханалық сынақтар, жол бойындағы инфрақұрылым және азаматтардың өтініштері туралы деректерді бір жүйеге жинақтайды.

Автомобиль жолдарының құрылысы мен жөндеу жұмыстары туралы ақпаратты қамтитын бірыңғай цифрлық платформаны құру міндетін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында қоғамдық бақылауды күшейтудің маңызды тетіктерінің бірі ретінде атап өткен болатын.

E-Joldar платформасының басты ерекшелігі — барлық ақпараттың нақты бір автомобиль жолына немесе оның белгілі бір учаскесіне байланыстырылуы. Пайдаланушылар жолдың техникалық сипаттамаларын, жөндеу тарихын, пайдаланылған материалдар туралы мәліметтерді, зертханалық бақылау нәтижелерін, жол бойындағы сервис нысандары және басқа да маңызды ақпараттарды көре алады.

E-Joldar қолданыстағы салалық цифрлық жүйелерді алмастырмайды. Керісінше, олардан алынған деректерді біріктіріп, ақпаратты өзара байланыстыратын бірыңғай интеграциялық және ақпараттық-талдамалық алаңға айналады.

Мәселен, KazToll жүйесі ақылы жол учаскелері туралы ақпаратты қамтыса, JolBitum және RCMBase пайдаланылған материалдар мен олардың өндіріс көздері туралы мәліметтерді нақты жол нысандарымен байланыстырады. Ал KazRoadLab зертханалық сынақтардың нәтижелерін жолдың цифрлық тарихына енгізуге мүмкіндік береді.

eOtinish жүйесімен интеграция азаматтардың өтініштерін нақты жол учаскелерімен байланыстырып, оларды жөндеу жұмыстары мен жолдардың техникалық жай-күйі туралы ақпаратпен салыстыруға мүмкіндік береді. Ал Sapar платформаны жанармай құю станциялары, демалыс орындары, тамақтану нысандары, автотұрақтар және өзге де жол бойындағы инфрақұрылым туралы деректермен толықтырады.

Платформаның маңызды бағыттарының бірі — талдау және болжау. RoadIQ жүйесі жолдардың жай-күйі, жөндеу тарихы және көлік қозғалысының қарқындылығы туралы деректер негізінде жөндеу қажеттілігін алдын ала болжап, бірінші кезекте назар аударуды қажет ететін учаскелерді анықтауға мүмкіндік береді.

Осылайша, E-Joldar автомобиль жолының паспортизациясынан бастап құрылысы, пайдаланылуы, жөнделуі және сапасын бақылауға дейінгі барлық кезеңді қамтитын бірыңғай цифрлық тарихын қалыптастыруға бағытталған.

Азаматтар үшін бұл жолдардың жай-күйі туралы ашық әрі түсінікті ақпарат алуға және қоғамдық бақылауға белсенді қатысуға мүмкіндік береді. Ал сала мамандары мен басшылар үшін E-Joldar мониторинг жүргізу, деректерді талдау және тиімді басқарушылық шешімдер қабылдаудың маңызды құралы болмақ.

E-Joldar Қазақстанның жол инфрақұрылымын басқаруда әртүрлі жүйелердегі деректерді жеке-жеке есепке алудан бірыңғай, кешенді цифрлық басқару жүйесіне көшуге мүмкіндік береді.

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *