Петропавлда футбол академиясының жобасы әзірленуде
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Скотт Муннмен кездесті. Тараптар өңірдегі футболды дамыту, спорттық резерв даярлау, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және Федерациямен алдағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

Бүгінде облыста 23,8 мың адам футболмен айналысады. Бұл спорт түрінің, әсіресе балалар мен жастар үшін қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы бес жылда өңірде жасанды жабыны бар 130 футбол алаңы салынды. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында тағы 43 шағын футбол алаңын салу көзделген, оның 35-інің құрылысы аяқталды.
Өңірде ірі футбол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Петропавл қаласындағы «Қарасай» стадионын қайта жаңғыртудың екі кезеңі аяқталды. Қазір 5 мың көрерменге арналған жабық футбол стадионының, сондай-ақ екі стандартты алаңы мен 100 орындық жатақханасы бар футбол академиясының жобасы әзірленуде. Бұдан бөлек, «Қызылжар» балалар-жасөспірімдер спорт мектебі үшін жабық спорт манежі салынып жатыр.
Кездесуде «Қызылжар» футбол клубын дамыту және жас футболшыларды даярлау мәселесіне де айрықша назар аударылды. Бүгінде клубтың футбол орталығында 300-ден астам бала жаттығады. Өңірде бұқаралық және балалар-жасөспірімдер футболын дамыту, сондай-ақ спорт инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы жұмыстар жалғасады.

