Петропавлда жылу тарифі өзгере ме
Петропавлда бизнес үшін тариф биыл 1 мамырдан бастап — 20%, тұрғындар үшін 1 қыркүйектен 15% өсті. Ал бюджеттік ұйымдар үшін тариф шамамен екі есеге артты. Алдағы жылы тұрғындарды қандай өзгерістер күтіп тұр, бұл турады кәсіпкерлер палатасында өткен жиында айтылды.

«Петропавл жылу желілері» ЖШС мәліметінше, биыл жылу бойынша бес жылдық тариф наурыз айында бекітілді. Қазір тарифті түзету бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Биылғы жылыту маусымында тұрғындар мен заңды тұлғалар үшін қосымша өсім болмайтыны белгілі болды.
Жиында кәсіпкерлер жылу шығынын есептеу әдістемесі туралы сөз қозғады. Өңірлік кеңес мүшелері желтоқсанда да, сәуірде де жылу шығынының сомасы айтарлықтай өзгермейтінін айтты.
Кәсіпорын басшысы жылу шығыны құбырдың ұзындығына, оқшаулауына, оның жер астында немесе жер үстінде орналасуына және орташа айлық ауа температурасына байланысты есептелетінін түсіндірді. Өз жылу желілерін қайта жаңғыртқан немесе күрделі жөндеуден өткізген кәсіпорындар шығын коэффициентін қайта есептеуге өтініш бере алады.
Кездесу қорытындысында Кәсіпкерлер палатасы мұндай талқылаулар бизнеске коммуналдық шығындарды алдын ала жоспарлап, кәсіпорындардың қаржылық тәуекелдерін бағалауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

