Петропавлдағы көпқабатты үйлер жылыту маусымына дайын ба
Петропавлда барлығы 1 198 көппәтерлі тұрғын үй орталық жылу жүйесіне қосылған болса, соның 1112-сі ғана техникалық тұрғыдан жылу қабылдауға әзір.
Қазіргі уақытта пәтер иелерінің кооперативі мен мүлік иелері бірлестігінің төрағалары қызмет көрсетуші ұйымдармен бірлесіп, көппәтерлі тұрғын үйлерді қысқы маусымға дайындау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
— Біз жеті көп қабатты үйге қызмет көрсетеміз. Қазір жылыту маусымына дайындалып, үйлердің жылу жүйелерін жуып, қысыммен тексеріп жатырмыз. Бұл өте маңызды. Сондай-ақ ғимараттардың шатырын тексереміз. Ертең көктемде су ағып, тұрғындардың мазасын алмауы үшін. Кәріз жүйесін де апаттық жағдайлар болмауы үшін тексеріп жатырмыз, — дейді көп қабатты үйлерге қызмет көрсететін компанияның өкілі Тимур Жетпісов.
Әзірге Петропавлға жылудың нақты қай күні берілетіні белгісіз. Қала әкімі тиісті қаулыға қол қойған жоқ.
— Жылыту маусымын қыркүйек айының соңында немесе қазан айының басында бастау жоспарланып отыр. Алайда нақты мерзім ауа райының қалыптасуына байланысты анықталады, — деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Тимур Жұманов.

