Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан
Источник погодных данных: Ауа райы

Законопослушный гражданин

Ақпарат агенттігі

ЖИ адам факторын азайтуға мүмкіндік береді

Бүгіндері әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүйені жетілдіру мақсатында жаңа технологияларды қолданысқа енгізуде. Жүйедегі жаңашылдықтар туралы әлеуметтік сақтандыру қоры облыстағы филиалының директоры Айнагүл Дәулетшина сұхбат берген болатын.

– Айнагүл Хабдонғалиқызы, бірден-бір сұрақ МӘМС жүйесі төңірегінде болмақ. Бұл жүйе өзінің тиімділігін көрсете алды ма?

– Елімізде МӘМС жүйесінің енгізілгеніне бес жылдан артық уақыт өтті. Халық әлеуметтік медициналық сақтандырудың маңызын түсінеді деп ойлаймын. Бұл жүйенің артықшылықтары көп. Мәселен, бұрындары қымбат зерттеулер (КТ, МРТ), медициналық тексерістер, соның ішінде нейрохирургиялық, жүрекке ота жасау халыққа қолжетімсіз еді. Қазір азаматтар мұндай медициналық көмекке қол жеткізе алады. Олардың қатарында, нейрохирургиялық, кардиологиялық және ангиохирургиялық оталар бар. Қымбат ота 650 мың теңгеден бастап, 10 млн. теңгеге дейін барады. Бүгіндері бұл көмек қор есебінен қаржыландырылады.
Қажетті медициналық көмекті алуға және кез келген уақытта дәрігерге қаралу үшін әр адамда «сақтандырылған» мәртебесі болуы қажет. Бұл тұста науқасқа кеңейтілген базалық пакет аясында көмек көрсетіледі. Сондай-ақ кейбір жағдайда азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген пакетіне қол жеткізе алады.

– Облыс бойынша МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған қанша адам бар?

– Бүгіндері облыста 515 мыңнан астам тұрғын бар. Оның 437 мыңнан астамы МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесіне ие болса, 78 273 тұрғын әлі де сақтандырылмаған. Бұл шамамен өңір халқының 15,2 пайызын құрайды. Бұл бағытта филиал тарапынан тұрғындармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін айтқым келеді. Заңнамаға сәйкес, мемлекет МӘМС жүйесінде жеңілдігі бар санаттағы азаматтар үшін жарна төлейді. Бұл жарналар 15 санат бойынша республикалық бюджеттен бөлінеді. Облысымызда бұл санатқа 268 408 адам кіреді.
Облыста 19 емхана жұмыс істейді. Оның 13-і ауданда, 6-уы Петропавлда орналасқан.

 

– Мемлекет басшысы әлеуметтік осал санаттарға жататын азаматтар үшін медициналық сақтандыруға аударымдар жергілікті бюджет есебінен төленуі тиіс екенін айтқан болатын.

– Иә, Президентіміз жергілікті атқарушы органдар дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы (D және E деңгейі) санаттарына жататын азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлейтінін айтқан болатын. 2026 жылы шамамен 1 миллион адам МӘМС жүйесімен қосымша қамтылмақ. Сонымен қатар, ресми тіркелген жұмыссыздар үшін де жарналар жергілікті бюджет есебінен төленетін болады. Яғни, осал топтар жергілікті атқарушы биліктің жіті назарында болады. Бұл өз кезегінде халықты жұмыспен қамту мәселелерінде жауапкершілікті арттырады.

 

— Қазір қай саланы алсақ та, жасанды интеллекет жүйесін енгізуге басымдық берілуде. Медициналық сақтандыру қоры жасанды интеллект жүйесімен жұмыс істей ме? 

– МӘМС 2.0 трансформациясы аясында әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры да бірнеше бағыт бойынша ЖИ-құралдарын дамытып, сынақ жұмыстарын жүргізуде. Негізгі міндет үрдісті ашық ету, қолмен атқарылатын жұмыс көлемін азайту және ықтимал тәуекелдерді ерте кезеңде анықтау.
ЖИ қоңырауларды талдайды, қате немесе толық емес жауаптарды анықтауға көмектеседі және таңдаулы хабарламаларды қалыптастырады. Қазіргі уақытта бұл қызмет сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Келешекте ол күнделікті қызметтік тапсырмаларды орындауға және әкімшілік жүктемені азайтуға арналған көмекші құралға айналады.
ЖИ-құралдарын үрдістерді бірыңғай деректерге, өлшемдер мен ережелерге негізделе алатын салаларда енгізу адам факторының әсерін азайтуға және қабылданатын шешімдердің негіздерін түсінікті етуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде процестердің ашықтығын арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтады.
Мұндай тәсілдер медициналық көмек көлемін жоспарлауда және қызмет көрсетуші ұйымдардың жұмысына мониторинг жасау кезінде қолданылуы мүмкін. ЖИ-құралдарын енгізу 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» ауқымды цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізудің Жалпыұттық стратегиясы шеңберінде іске асырылуда.

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *