Петропавлда мотоцикл жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кетті
Петропавлда Назарбаев көшесі бойында қайғылы оқиға орын алды. 41 жастағы мотоцикл жүргізушісі 38 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кетті. Арты өлімге әкелді.
СҚО ПД мәліметінше, Назарбаев көшесінде болған адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
— Алдын ала мәлімет бойынша, Yamaha мотоциклінің жүргізушісі жолдың жүру бөлігін кесіп өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Алған жарақаттарынан жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды. Дене жарақаттарын алған мотоцикл жүргізушісі ауруханаға жеткізілді, — дейді тәртіп сақшылары.
Ведомство мәлім еткендей, тергеу аясында қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның барлық мән-жайы, оның ішінде жол-көлік оқиғасына әкелген себептер мен жағдайлар анықталып жатыр.

