Жарияланған күні: 24.09.2026
Петропавлда ауылдың өнімі саудаланды
Петропавлда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Сауда-саттыққа өңірдің алты ауданы қатысты. Олар қолжетімді бағаға өз тауарларын ұсынды.
СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, сауда-саттық 3 базарда өтті. Барлығы сөрелерге 5 тоннадан астам ет және сүт өнімдері қойылды.
— Жылқы етінің келісі 3 300 теңгеден сатылса, сиыр еті – 3 100, қой еті – 3 000, шошқа еті 1 900 теңгеден ұсынылды. Жыл басынан бері облыста 102 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Осы уақыт аралығында 175 мың тоннадан астам өнім сатылған, — делінген ведомство ақпаратында.
«Алтын арман» базарында Айыртау, Тайынша және Шал ақын аудандарының тауар өндірушілері сауда жүргізді.

