Петропавлда оқушылар жұмысшы мамандықтармен етене танысуға мүмкіндік алды
Петропавлдағы Мағжан Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің оқушылары «Артель» тігін цехында болды. Олар жұмысшы мамандықтармен танысып, өндіріс ошағында болып қайтты.

«Әділет» партиясы филиалының мәліметінше, экскурсияға қатысушыларға матаны дайындау мен пішуден бастап, тігін машиналарында жұмыс істеу және өнім сапасын бақылауға дейінгі үдеріс көрсетілді. Оқушылар мамандардың жұмыс орындарын көріп, кәсіпорында қандай жабдықтар қолданылатынын және тігін өндірісін болашақ мамандығы ретінде таңдаған адамға қандай дағдылар қажет екенін білді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай экскурсиялар оқушыларға жұмысшы мамандықтары туралы оқулықтан ғана оқып қоймай, өндіріс орнында тікелей танысуға мүмкіндік береді.
— Оқушылардың көп ұзамай болашақ мамандығын таңдау туралы ойланатын кезі келеді. Сондықтан оларға түрлі бағыттарды көрсетіп, нақты өндірістің қалай жұмыс істейтінін өз көзімен көруге мүмкіндік беру маңызды. Мұнда әрбір дайын бұйымның артында нақты адамның еңбегі, білімі, тәжірибесі мен шеберлігі тұр. Бәлкім, бүгінгі экскурсия олардың кейбірі үшін болашақта таңдайтын мамандығымен алғашқы таныстық болар, – деді «Әділет» партиясы СҚОФ төрағасы Қалия Төренова.
Цех қызметкерлері де оқушыларға өз мамандықтары мен атқаратын жұмыстары жайлы айтып берді. Тігінші Ирина Полховская бұл салада 40 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде құрал-жабдықтар мен жұмыс технологиялары айтарлықтай өзгергенімен, оның пікірінше, шебер еңбегінің басты мәні сол күйінде қалған. Яғни жұмыстың сапасы ең алдымен адамның өзіне, оның білімі мен шеберлігіне байланысты.
— Тігін тігуді өмір бойы жақсы көрдім. Дайын бұйымды көрген кезде оған қаншама еңбек сіңгенін түсінесің. Мұнда мұқият, ұқыпты болып, технологияны сақтау қажет. Тәжірибе уақыт өте келе келеді, бірақ ең бастысы – адам өзінің істейтін жұмысын жақсы көруі керек. Қазір технологиялар көбейді, дегенмен бұл мамандықта адам еңбегін ештеңе алмастыра алмайды, – деді Ирина Полховская.
«Артельдегі» экскурсия Еңбек күніне орай ұйымдастырылған кәсіптік бағдар беру іс-шараларының алғашқысы болды. Апта соңына дейін әртүрлі мектептердің оқушылары «Основание» ЖШС-де, «Алагеум» зауытында және өрт сөндіру бөлімінде де болады.

