Петропавлдағы жаңа аурухана келер жылы тапсырылады
Петропавлда бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған заманауи аурухана құрылысы қайта жанданды. 480 орынға есептелген медициналық кешеннің құрылысы келер жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.
Емдеу мекемесінің іргетасы 2019 жылы қаланған. Алайда кейін құрылыс жұмыстары тоқтап қалған. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұған құрылыс материалдары бағасының күрт өсуі себеп болған. Биыл жобаны жалғастыруға қажетті қаражат бөлінді.
Жалпы аумағы 92 мың шаршы метр болатын медициналық кешеннің жобалық құны 160 млрд теңгені құрайды. Мұнда көпбейінді аурухана, кардиологиялық, онкологиялық және перинаталдық орталықтар, сондай-ақ санитарлық авиация қызметі бір медициналық кластерге біріктіріледі.
Жаңа нысан заманауи медициналық техникамен жабдықталады. Мамандардың айтуынша, жаңа технологиялар жоғары дәлдіктегі диагностика жүргізуге және күрделі операцияларды халықаралық талаптарға сай орындауға мүмкіндік береді.
Жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында түркиялық компанияның қатысуымен жүзеге асырылуда. Сонымен қатар жергілікті дәрігерлерді шетелдік клиникаларда, соның ішінде Түркияда оқытып, тәжірибеден өткізу жоспарланған.
Облыстық көпбейінді аурухананың бас директоры Нұрлан Аймановтың айтуынша, жаңа кешендегі медициналық құрал-жабдықтар мен емдеу үдерісі заманауи халықаралық стандарттарға сай болады.
— Жабдықтау жағынан да, медициналық бағыттар бойынша да бұл нысан заманауи халықаралық стандарттарға сәйкес болады. Медициналық техника да күшейтіліп, жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі, — деді облыстық көпбейінді аурухананың бас директоры Нұрлан Айманов.
Жаңа аурухананың іске қосылуы өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырып, Солтүстік Қазақстандағы денсаулық сақтау саласының дамуына жаңа мүмкіндік береді.

