Петропавлдың 80 ауласы абаттандырылды
Келер жылы аулаларды абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында тұрғындардың мәселелері шешімін таппақ.
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы қаланы абаттандыру мәселелерін шешуге мүмкіндігінше көп тұрғындарды тартуға мүмкіндік береді дейді қалалық әкімдіктегілер.
— 18 жастан асқан кез келген қала тұрғыны мекен-жайын, жобаның сипаттамасын және болжалды құнын көрсете отырып, әкімдік сайтында өтініш бере алады. Арнайы комиссия өтінімдердің белгіленген талаптарға сәйкестігін және осы жобаны іске асырудың техникалық мүмкіндігін тексереді. Осыдан кейін жіберілген жобалар тұрғындардың дауыс беруіне шығарылады, ол Egov жүйесіндегі ЭЦҚ арқылы жеке басын растаумен өтеді. Іріктеуден өткен жобалар кейіннен іске асыру үшін келесі жылдың бюджетіне енгізіледі, — деп нақтылады Петропавл қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Тимур Жұманов.
Бағдарламаға қызығушылық артып келеді. Егер 2024 жылы барлығы 9 өтінім түссе, қазіргі өтінімдер саны – 33.
Биыл 800 млн теңгеге жуық сомаға 80 аула аумағы абаттандырылды. Ал келесіде олар жүзге жуық жаңартуды жоспарлап отыр.

