СҚО-да облыстық мәслихат депутаттарына құрмет көрсетілді
СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов облыстық мәслихаттың VIII шақырылым депутаттарының қызметін қорытындылауға арналған салтанатты жиынға қатысты. 12 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды. Алдағы кезектен тыс сайлау еліміздегі саяси жаңғырудың, өкілді органдардың рөлін одан әрі арттырудың маңызды кезеңі болмақ.
VIII шақырылымдағы облыстық мәслихаттың жұмыс кезеңінде 40 сессия өткізіліп, 463 шешім, оның ішінде 93 нормативтік құқықтық акт қабылданды. Өңір басшысы депутаттық корпус пен атқарушы билік арасындағы сындарлы ынтымақтастықты ерекше атап өтті.
Бірлескен жұмыстың нәтижесінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асырылды.
Ғауез Нұрмұхамбетов депутаттарға нәтижелі еңбегі, белсенді азаматтық ұстанымы және өңірдің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдірді. Салтанатты жиында облыс әкімі депутаттарға Құрмет грамоталарын табыстап, Солтүстік Қазақстан облысының 90 жылдығына арналған мерейтойлық кітаптарды тарту етті.

