Петропавлда бір түнде 2 мас көлік жүргізушісі ұсталды
Петропавлда түнгі сағат 02:30 шамасында патрульдік полиция қызметкерлері жанжал туралы шақырту бойынша түнгі дүкендердің біріне барды. Жанжал төбелеске ұласпағанымен, оған қатысушылардың бірі – 21 жастағы қала тұрғынынан алкоголь иісі шыққан.
Полицейлер жедел басқару орталығымен байланысып, бейнебақылау инспекторларынан камера жазбаларын тексеруді сұрады. Тексеру барысында жас жігіттің дүкенге Renault автокөлігімен келгені анықталды. Медициналық куәландыру оның мас күйде болғанын растады. Деректер базасын тексеру кезінде оның бұған дейін де бір жыл ішінде көлік құралын басқару құқығы жоқ бола тұра, мас күйде көлік басқарғаны үшін жауапқа тартылғаны белгілі болды. Сот шешімімен оған 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.
Сол түні Воровский көшесінде түнгі рейд барысында полицейлер электр велосипедін тізгіндеген 37 жастағы қала тұрғынын тоқтатты. Оның да мас күйде болғаны және көлік құралын басқару құқығы жоқ екені анықталды.
Күндіз өткен сот отырысының шешімімен оған 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды. Полицейлер алкоголь ішкеннен кейін көлік басқару жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу екенін еске салады.

