Петропавлда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті
Республика күні қарсаңында Петропавлда «Дала Дәмі» облыстық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Іс-шара Мемлекет басшысының отандық өндірісті дамыту, ауыл шаруашылығын қолдау және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін іске асыруға ықпал етеді.

Өнімдер нарықтағыдан орта есеппен 10–15% төмен бағамен сатылды. Жәрмеңкеге Солтүстік Қазақстан облысының барлық ауданынан 100-ге жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші мен өңдеуші кәсіпорын қатысты. Олар ет, сүт өнімдері, көкөніс, ұн, балық, бал және мал азығын қоса алғанда, 1 000 тоннадан астам өнім ұсынды.
Бұл жолы жәрмеңке бір мезгілде үш жерде ұйымдастырылды: азық-түлік өнімдері М. Жұмабаев көшесінде, мал азығы Абай көшесінде, ал шөп пен сабан Жұмысшы кентіндегі Космонавтар көшесі, 79/1 мекенжайында сатылды.

