Петропавлда «Кәсіпкер әйел» оқыту бағдарламасы басталды
Облыста өз кәсібін ашқысы келетін әйелдерге арналған «Кәсіпкер әйел» тегін оқыту бағдарламасы басталды. Жоба қатысушылардың кәсіпкерлік және цифрлық дағдыларын жетілдіруге бағытталған.
Бағдарламаны Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырып отыр. Қатысушыларға алты бағыттың бірін таңдап, тегін білім алуға мүмкіндік беріледі.

«Пайдалы бизнес» бағыты бойынша қаржыны басқару, салық және бюджетті жоспарлау негіздері үйретіледі. Ал «Құндылық формуласы» курсында маркетинг, өнімнің бірегейлігін қалыптастыру және сатылымды арттыру жолдары қарастырылады.
Әлеуметтік желі арқылы кәсібін дамытқысы келетіндер «Сату автопилоты» бағытын таңдай алады. Мұнда SMM, Meta Ads жарнамасы және сатылым жүйесін құру тәсілдері оқытылады.
«Автопилоттағы дүкен» курсы электрондық коммерция мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануға арналған. Ал «Бизнеске арналған цифрлық құралдар» бағыты Telegram-боттар мен сайттар жасауды үйретеді.
Сондай-ақ қатысушылар «Сатылымға әсер ететін REELS» курсында қысқа бейнероликтер түсіруді, оларды бизнеске тиімді пайдалануды және монетизациялау тәсілдерін меңгере алады.

