Республика күніне орай арнайы акциялар басталды
Қазақстанда Республика күніне орай ұйымдастырылған Republic Day және Bereke Fest республикалық акциялары жалғасуда. Қазіргі таңда Republic Day акциясына 232 сауда-ойын-сауық орталығы, сауда орталығы мен сауда үйі қосылды. Ал Bereke Fest акциясына 417 сауда желісі қатысуда.
Акцияларға дайындық алдын ала басталды. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі жергілікті атқарушы органдармен және аумақтық департаменттермен бірлесіп, сауда ұйымдарымен үйлестіру жұмыстарын жүргізді, ұйымдастыру мәселелерін пысықтап, қатысушылардың өзара іс-қимылын қамтамасыз етті.
Бастамаға отандық өндірушілер мен сауда кәсіпорындары да қосылып, сатып алушыларға арнайы ұсыныстар дайындады.
Еске салайық, екі акция аясында еліміздің барлық өңірінде тауарлардың жекелеген санаттарына 50%-ға дейін жеңілдік қарастырылған.
Акциялар халыққа Республика күнін мерекелеу кезеңінде түрлі тауарларды арнайы ұсыныстармен сатып алуға мүмкіндік береді. Ал сауда ұйымдары үшін қосымша тұтынушы тартып, сұранысты қанағаттандырып және тауар айналымын күшейтуге бағытталған.

