Петропавлдағы университеттің ғалымдары балдырдан экологиялық таза қаптама жасауды қолға алды
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ғалымдары «Sustainability Living Lab» бағдарламасы көмегімен экологиялық таза қаптамаларды жасауды қолға алды. Олар «National Conservation Initiative» корпоративтік қорынан және Назарбаев университетінен 1,3 млн. теңгелік грантқа ие болғанын атап өткен жөн.
Жоба авторы — агротехнологиялық факультетінің аға оқытушысы Елена Иль. «Тақырып — «Каппа-каррагинанды қолдану арқылы биологиялық ыдырайтын тағамдық қаптама өндіру технологиясын әзірлеу» деп аталады. Қарапайым тілмен айтқанда теңіздің қызыл балдырларынан жасалған тағамдық қаптама.
— Жалпы, каррагинан дегеніміз — теңіздің қызыл балдырлары экстракциясынан алынған табиғи гель. Тәжірибелік зерттеулерден кейін құрамын жасап шықтық. Мұндай табиғи қаптаманы сусымалы, құрғақ және басқа да тамақ өнімдерін орауға, қаптауға болады, — дейді университеттің аға оқытушысы Елена Иль.
Қаражатқа табиғи қаптаманы өндіруге мүмкіндік беретін жабдықтар мен материалдар сатып алынды. Ғалымның айтуынша, каррагинан қаптамасының қазіргі қолданыстағы целлофан қаптамалардан ерекшелігі – ол суда жарты сағат ішінде толығымен ыдырап кетеді және экологиялық таза. Азық-түлікке әсер етпейді, қоршаған ортаны сақтауға, қалдықтарды кәдеге жарату мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Алда жоба авторлары өндіріс технологиясын жетілдірумен, қаптаманың беріктігін арттырумен айналысады. Сондай-ақ, әзірлемеге патент алуды да жоспарлаған.
СҚО полицейлері ет өнімдерін сатуға қатысты 17 құқық бұзушылықты анықтады