СҚО-дағы газ компаниясы бағаның төмендеуіне байланысты сотқа жүгінді
«Горгаз-сервис» ЖШС Табиғи монополияларды реттеу комитеті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің шешімімен келіспей, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа арызданды, деп хабарлайды тілшіміз ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің СҚО бойынша департаменті «Горгаз-сервис» ЖШС-нің ұсынысын қараған. Компания алдағы уақытта топтық резервуарлық қондырғылар арқылы сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағасын көтермек болған. Жоба бойынша 1 м3 үшін 677,27 теңге болуы тиіс еді, бұл бұрын қолданыста болған шекті бағадан 136,87 теңгеге немесе 25,33% жоғары.
Департамент ақпаратты қарап, «Горгаз-сервис» ЖШС-нің жобаланған бағасын шекті баға деңгейіне дейін төмендеткен. Солай, қосымша құн салығын есепке алмағанда бағаны 517,45 теңге/м3 мөлшерінде бекітті. Бұл бұрын қолданыста болған шекті бағамен салыстырғанда 22,95 теңгеге немесе 4,25% төмен. Жаңа тариф биыл 1 тамызда қолданысқа енгізілді.
«Горгаз-сервис» ЖШС шекті бағасын қарай келе, мамандар 91 млн астам теңге амортизациялық аударымдар қаражатының мақсатсыз пайдаланғанын ескерген. Бұл нәтижесінде бұрынғы қолданыстағы бағаның төмендеуіне әкелді.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің СҚО бойынша департаментінің шешімімен келіспей, оны заңсыз деп тану үшін «Горгаз-сервис» ЖШС СҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына талап-арыз берді. Қазіргі уақытта сот процестері жүріп жатыр.