СҚО-да 30 мыңнан астам волонтёр бар
Теріскейге Астана қаласынан келген «Ұлттық волонтерлік желі» ұйымының өкілдері мемлекеттік қызметкерлермен жиын өткізді. шара барысында волонтерлікті дамытуға ықпал ететін табысты тәжірибелер мен жол картасының жобасы туралы айтылды, деп хабарлайды тілшіміз.
Бұл бағдарламада 2027-ші жылға дейін белсенділер қозғалысының мақсаттары мен міндеттері айқындалатын болады. Мамандар елде волонтерлік жыл сайын белсенді дамуда дейді. Әсіресе, пандемия кезінде қарқын алды.
«Біздің мақсатымыз – республика бойынша волонтерлікті мемлекеттік қолдау стандартын енгізу. Әр облыста іс-шара өткізудеміз. Бұған дейін 5 өңірде болдық. Еріктілердің белсенділіктері әр өңірде әр түрлі. Волонтерлер өздерінің қоршаған ортаға пайдасын тигізер нұсқаларын айтып отырады. Мысалы, біз 100 ағаш еккіміз келеді дейді. Әрине, мұндай акцияны қолдаймыз. Бұған мемлекеттік қызметкерлердің ат салысатын кездері де болады», — дейді «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ атқарушы директоры Татьяна Миронюк.
Белсенділер қоғамды сәл де болсын өзгертуде. Өңірде түрлі іс-шараға белсене қатысып, онымен қоса қарттарға қысы-жазы қол қабыс етеді. Қаланың экологиясына да көңіл бөледі. бір сөзбен айтсақ жүрегі таза, жаны жайсаң адамдар. Қоршаған ортаға пайдасын тигізуге және тұрғындарға көмек көрсетуге мемлекеттік қызметкерлер де тартылуда.
«Соңғы жылдары қатарымызға мемлекеттік қызметкерлер қосылып жатыр. Олармен түрлі іс-жоспар ойластырып жатырмыз. Кім көмекке мұқтаж -соларға жәрдем береміз. Тұрғындар біздің кеңсеге өздері қоңырау шалады. Олардың көбі киімге, жиһазға мұқтаж», -дейді облыстық «Birgemiz» волонтерлік фронт-кеңсесінің үйлестірушісі Елена Скакунова.
Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысында бүгінде 30 мыңнан астам ерікті бар.