Солтүстік Қазақстан облысында жол жөндеуге бөлінген қаржыны жымқырғандар 7 жылға сотталды
Облыста жөндеу саласында заңбұзушылыққа жол бергендер жауапқа тартылды.
«Автомобиль жолдары туралы» ҚР Заңының (бұдан әрі — заң) талаптарын бұза отырып, Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің лауазымды адамдары қаланың 20 көшесін ағымдағы және орташа жөндеу үшін орындалған жұмыстар актілеріне қол қойған, олар іс жүзінде Қазақстан Республикасы Ұлттық стандартының белгіленген нормаларына сәйкес келмейді, деп хабарлайды тілшіміз.
Олқылықтарды прокурорлар анықтады.
Яғни лауазымды тұлғалар заң талаптарына қайшы, мердігерлік ұйымдардан асфальтбетон қоспасына сәйкестік сертификатынсыз, облыс орталығының көшелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарын қабылдаған.
Қадағалау органының актісі бойынша жол берілген бұзушылықтарды жою, сондай-ақ лауазымды адамдарды белгіленген жауапкершілікке тарту жөнінде шаралар қабылдануда.
Ал Ғабит Мүсірепов ауданында 2022 жылы прокурорлық тексеріспен автомобиль жолдарын жөндеуге бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактісі анықталды.
Ауданның ТКШ бөлімінің басшысы «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының талаптарына қайшы, автомобиль жолдарын жөндеуге 427 миллион теңге көлемінде ақы төленген. Ал ол бойынша нақты жұмыстар орындалмаған.
Қадағалау органының материалдары бойынша СҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысына, мердігер ұйымның директорына және техникалық қадағалау сарапшысына қатысты бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді.
«Ағымдағы жылғы 10 қазанда Петропавл қалалық сотының үкімімен аталған адамдар Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-тармағы 2-тармақшасымен қарастырылған қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысына 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды», — делінген облыстық прокуратура таратқан хабарламада.
Бюджет қаражатын жұмсау сұрақтары қадағалау органының тұрақты бақылауында.