Петропавлдағы инновацияық жылыжайда алғашқы өнім жинала бастады
Петропавл қаласының тұрғындары отандық көкөніспен қамтамасыз етіледі. Шаhарда жуырда ғана пайдалануға берілген инновациялық жылыжай алғашқы өнім бере бастады, деп хабарлайды тілшіміз.
Әзірге мұнда күніне 4-5 тонна қияр жиналып жатыр. Экологиялық таза өнім бірден шаhардағы сауда орындарына жөнелтілуде. Аталған кешен өңірге сырттан тасымалданатын бақша өнімдерін азайтып, азық-түлік белдеуін қалыптастыруға септігін тигізеді. Ал келер жылдан бастап агрономдар қызанақ, болгар бұрышын өсіруді қолға алмақ ниетте.
Айта кету қажет табиғаты қатал келетін Солтүстік Қазақстан облысында салынған жылыжай жыл бойы жұмыс істейді. Аумағы -3,7 гектар. Оның құрылысына -7 миллиард теңге қаржы жұмсалды. Ал, инженерлік- коммуникациялық инфрақұрылым мемлекет есебінен тартылды.
«Кешен толық қуатқа көшкенде күніне 16 тонна өнім жиналады. Яғни біз аймақта қиярмен қызанаққа деген сұраныстың үштен бір бөлігін жабамыз. Алғашқы өнім сауда сөрелеріне шықты. Оның құны нарықтағы бағадан екі есеге арзан. Жалпы жаңа жылыжай өңірде бағаны тұрақтандыруға ықпал етеді»,- дейді жылыжай кешенінің директоры Екатерина Асаёнок.