Ғ.Мүсірепов ауданында құрамажем зауыты іске қосылды
Ғабит Мүсірепов ауданында 1200 басқа арналған сүт-тауар өндірісінің құрылысы аяқталуға жақын. Жаңа нысан Ефимовка ауылының жанында бой көтеруде. Бұл облыстағы ең ірі нысандардың бірі. Сонымен қатар, роботтандырылған құрамажем зауытында сынақ режимінде 50 мың тонна өнім өңделген.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғ.Мүсірепов атындағы ауданға жұмыс сапары кезінде кәсіпкерлермен және ауыл шаруашылығы өндірушілерімен кездесті.

Сүт –тауар фермасын «Буденное СК» ЖШС салып жатыр. Ферма 1200 бас аналық малға арналған. Жылына 10 мың тоннаға жуық сүт алу жоспарда бар.
— Бұрын-соңды болмаған мемлекеттік қолдау шараларының арқасында биыл егін жақсы алынуда. Оны уақтылы және сапалы тазалауды қамтамасыз ету қажет. Ауданда күзгі науқан белсенді жүріп жатыр. Көпжылдық шөптерді ескере отырып, жалпы жинау алаңы 700 мың гектардан асады, — деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Ауданның ауылшаруашылық кәсіпорындары өндірісті дамытып қана қоймай, адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға да көп көңіл бөледі. «Ишим гарант» ЖШС өз қызметкерлері үшін тұрғын үй құрылысын аяқтады. Бұл- инженерлік коммуникациялары бар заманауи үйлер.
СҚО әкімі жұмыс сапары барысында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданындағы бірқатар инфрақұрылымдық нысандардың жағдайымен танысты. Атап айтқанда, «Жаңа Есіл» теміржол вокзалының жаңғыртылу барысы тексерілді. Нысанды жыл соңына дейін толық аяқтау көзделіп отыр.
Ауданда бірқатар маңызды инвестициялық жобалар іске асырылуда. Солардың бірі — «Новоишимский мелькомбинат» ЖШС-ның қуаттылығы жылына 750 мың тонна болатын роботтандырылған құрамажем зауыты. Кәсіпорында 45 жұмыс құрылған. Қазіргі таңда сынақ режимінде 50 мың тонна өнім өңделген.

