Қазанның 5-сі күні Мүғалімдер күні. Айтулы мейрам қарсаңында елордада салтанатты жиын өтті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің үздік педагогтарына мемлекеттік наградаларды табыстады. Сый-құрметке ие болғандардың қатарында Солтүстік Қазақстан облысының екі мұғалімі де бар.
Президент «Ерен еңбегі үшін» медалімен Уәлиханов ауданы Мортық орта мектебінің математика пәні мұғалімі Гүлжан Сеитованы марапаттады. Білікті маман ұстаздық жолында 35 жыл бойы еңбек етіп келеді.
«Ерен еңбегі үшін» медалі Петропавлдағы жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Саруар Базарбаеваға да берілді. Ол 20 жылдан астам уақыт бойы студенттерді бухгалтерлік іске баулып келеді. Оның жетекшілігімен олимпиада, байқау, WorldSkills Kazakhstan чемпионатының жеңімпаздары тәрбиеленді.
Жоғары деңгейдегі марапат Солтүстік Қазақстан педагогикалық қауымдастығы үшін маңызды оқиға болды. Бұл ұстаз еңбегінің маңызын және ел болашағына қосқан үлесін тағы бір мәрте айқындады.