Петропавлда еріктілер қарияларға көмектесуде
Қарттар күніне орай Петропавл қалалық жастар ресурстық орталығының еріктілері зейнеткерлерге көмекке келуде. Осындай қариялардың бірі — 86 жаста. Еріктілер Тамара Филиппенкоға қолұшын созуды ұйғарды.
Бүгін Петропавл қалалық жастар ресурстық орталығының еріктілері 86 жастағы қала тұрғыны Тамара Филиппенкоға көмектесті. Кейуана жер үйде жалғыз өзі тұрады. Күйеуі осыдан 11 жыл бұрын қайтыс болыпты.
90-ға таяп қалған нәзікжандыға үйдің ішіндегі мен сыртындағы шаруаларды істеу оңай емес. Еріктілер баспананың алдын күл-қоқыстан тазартты. Отынын жарып, көмірін кіргізіп берді.
— Қарияларға көмекке келіп, үй шаруасын тындыруға септігімізді тигізіп жатырмыз. Биыл Қарттар күніне орай облыста «Жақсылық жолымен» акциясы өтуде. Біз жастар бұл шараны қостап, барынша көмегімізді аямай жатырмыз, — дейді қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Дамир Абдин.

