Петропавлда 600 орынға шақталған жаңа мектеп салынбақшы
Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде ҚР Президентінің «Қазақстанның жаңа тарихи циклдегі өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыру мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы өмір сүру сапасын арттырудың негізгі шарты халық көп талап ететін нысандардың ауқымды құрылысы болатынын атап өтті. Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов білім беру саласында 2027 жылы Қызылжар ауданы Белое ауылында 120 орындық мектеп құрылысын аяқтау жоспарланып отырғанын айтты. Жобаның құны 1,3 млрд теңгені құрайды.
— Жалпы сыйымдылығы 1 900 орындық 4 мектептің құрылысы қосымша пысықталуда. Аққайың ауданы Смирново ауылында 300 орындық, 600 орындық — Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Петропавл және Новоишим ауылында, Мағжан Жұмабаев ауданы Қарақоға ауылында 400 орындық мектептер салынады, — деді Нұрлан Кеңесов.

