СҚО-ға Аустралиядан асыл тұқымды қойлар жеткізілді
Аустралиялық ақ қой және дорпер тұқымдарының 655 басы Ғ.Мүсірепов атындағы аудандағы «Eco Lamb» ЖШС-не жеткізілді. Шаруашылықта асыл тұқымды қой өсіретін репродуктор ашу жоспарланып отыр. Ол фермерлерді өнімділігі жоғары төлмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін өңірге барлығы 1 500 бас асыл тұқымды қой әкелу жоспарланған.
Биыл облыста мал тұқымын асылдандыру жұмысы кеңінен жүргізілуде. Жыл басынан бері Дания, Германия, Нидерланд, Ресей және Австралиядан 4 565 бас асыл тұқымды ірі қара әкелінді. Соның ішінде Австралиядан алғаш рет тікелей жеткізілген 638 бас абердин-ангус тұқымды ірі қара бар. Жыл соңына дейін әкелінетін асыл тұқымды ірі қара санын 10 758 басқа жеткізу көзделіп отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында ет бағытындағы мал шаруашылығында жалпы құны 16 млрд теңге болатын 23 инвестициялық жоба қалыптастырылды. Жобаларды іске асыру үшін «Береке» және «Игілік» бағдарламалары бойынша жылдық 6 пайызбен жеңілдетілген қаржыландыру қарастырылған.

Мал шаруашылығын дамытуда ветеринариялық қызметтің маңызы зор. Кешенді даму жоспары аясында биыл облыс аудандары үшін 57 ветеринариялық пункттің ғимараты сатып алынды. Бұл мамандардың жұмыс жағдайын жақсартып, ауылдық елді мекендерде ветеринариялық қызметті және профилактикалық шараларды уақытылы жүргізуге мүмкіндік береді.

