Петропавл маңындағы дала өрті ауыздықталды
Өткен тәулікте құтқарушылар мен өзге де қызметтердің мамандары жалпы аумағы 39 га тараған екі ірі өртті ауыздықтады. Қызыл жалын қураған шөптен шыққан.
СҚО ішкі саясат басқармасының мәліметінше, өрттің бірі Шаховское ауылының маңында, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының артында болды. Құрғақ шөп пен қамыс жанып, екпіні секундына 25 метрге дейін жеткен қатты жел салдарынан ол 12 га аумаққа тарады. Батпақты жер және биіктігі екі метрге дейінгі қалың құрғақ өсімдік жамылғысы да өртті тез арада сөндіруге кедергі келтірді. Төтенше жағдайды жоюға 150 тонна су қоры бар өрт сөндіру пойызы тартылды. Зардап шеккендер мен мерт болғандар жоқ.
Екінші өрт Қызылжар ауданының Малое Белое ауылы маңында тіркелді. Мұнда 25 гектар аумақта құрғақ шөп жанған. Мамандардың айтуынша, өртті сөндіру қатты жел мен кіреберіс жолдардың болмауына байланысты қиындады. Жалынның орман алқабына жайылу қаупі туындаған.
Оқиға орнында жедел штаб құрылып, үш жауынгерлік учаске ұйымдастырылды. Мамандар аумақты жыртып, минералданған жолақ жасады.
Құтқарушылардың, орман шаруашылығы мекемелерінің, жергілікті атқарушы органдардың және басқа да қызметтердің бірлескен жұмысының арқасында өрттің одан әрі таралуына жол берілмеді. Елді мекендер мен саяжай алқаптарына жалын жеткізілмей, сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.

