Кофе ыдысында көлік жүргізушілеріне қажет ақпарат көрсетілген
Петропавлда кофе ішуге арналған қағаз ыдыстары жол-көлік оқиғаларын азайтуға көмектеседі.
Солтүстік Қазақстан облысында жол-көлік оқиғалары көбіне дүйсенбі және сенбі күндері, сондай-ақ сағат 12:00-ден 20:00-ге дейінгі аралықта тіркеледі. Статистикаға сәйкес, барлық жол-көлік оқиғаларының жартысынан астамы осы уақытқа тиесілі.

Тоғыз айда өңірде 398 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 30 адам қаза тапты, 550-ден астамы жарақат алды. Оқиғалардың шамамен 96%-ына жүргізушілердің жол жүрісі қағидаларын бұзуы, соның ішінде жылдамдықты асыру, қиылыстардан өту тәртібін сақтамау және қарсы бағыттағы көліктермен бетпе-бет соқтығысу себеп болған.
Полицейлерді балалардың жол-көлік оқиғаларынан жарақат алуы да алаңдатады. Осындай 95 оқиғада балалар зардап шеккен. Олардың басым бөлігі көлікте жолаушы ретінде отырған және ересектердің жауапкершілігіне тәуелді болған. Полиция жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстарын күн сайын жүргізеді.
СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алтынбек Жамалиевтің айтуынша, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында полиция жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп, тың жобаны қолға алған. Петропавлдағы бірқатар кофеханада жол жүрісі қағидаларын сақтауға шақыратын жазулары мен арнайы QR-коды бар фирмалық кофе стақандары пайда болды. Кодты сканерлегенде пайдаланушы қауіпсіздік белдігін тағудың, балаларға арналған автокреслоларды пайдаланудың және жолда бір-біріне құрметпен қараудың маңызын еске салатын қысқа бейнероликтерге өтеді.
Әлеуметтік маңызы бар үндеу жазылған 5 мың қағаз ыдыстары кәсіпкерлердің қаражатына, бюджет қаржысын жұмсамай дайындалды. Осылайша, қала тұрғындарының күнделікті кофе ішу әдеті рөлде отырғанда да, жаяу жүргіншілер өткелінен өткенде де жеке жауапкершілікті еске салатын қосымша құралға айналды.

