Скатов — ширек финалда
Солтүстікқазақстандық теннисші, әлемнің 189-ракеткасы Тимофей Скатов Перуджа (Италия) челленджер турнирінің ширек финалына өтті.
Тимофей Скатов алдымен 2 сағат 50 минутта аяқталған бәсекеде әлемнің 133-ракеткасы, литвалық Вилиус Гаубасты камбэкпен тізе бүктірді – 4:6, 6:4, 6:2. Тимофей екінші айналымда әлемнің 181-ракеткасы, тайбэйлік Чунь-Хсин Цзэнмен бетпе-бет келді.
Үш сеттегі текетірес тай-брейкке дейін барды. Бірінші партияда тайбэйлік спортшы сәтті ойнады – 7:6 (7:2). Екіншісінде Скатов есе қайырды — 7:6 (9:7). Сосын үшінші, шешуші сетте де таразы басын өзіне аудара білді – 7:6 (7:4).
Төрт сағат 30 минутқа созылған матчта Т.Скатов 2 эйспен бірге 14 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Цзэн 6 эйс, 4 брейкпен (15 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Тимофей Скатов жартылай финалға шығу үшін әлемнің 178-ракеткасы, италиялық Марко Чеккинатомен таласады. Бұл ойын 5 маусымға белгіленген.

