СҚО-ға ҚР Премьер-министрі келді
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов жұмыс сапарымен келді. Үкімет басшысы Президенттің СҚО ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексеріп, шаруалармен кездесті.
Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы шаруашылықтар арасында сүт өндіру көлемі бойынша екінші орында тұр және еліміздегі сүт өңдеу көлемінің шамамен 1/6 бөлігін қамтамасыз етеді.
Есіл ауданы Корнеевка ауылында Олжас Бектенов «Атамекен-Агро-Корнеевка» ЖШС заманауи цифрлық сүт-тауар фермасының жұмысымен танысты. Кәсіпорын директоры Александр Фадеевтің айтуынша, фермада 2,5 мың сүтті ірі қара мал, оның ішінде 1,3 мыңнан астам сиыр бар. Голштин-фриз тұқымды мал Мажарстан, Германия, Дания және Нидерландтан әкелінген. Қазақстанның қысына бейімделген Германиядан әкелінген алғашқы 300 бас мал биыл күзде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге өткізіледі.
Олжас Бектенов Westfalia компаниясының 40 басқа арналған автоматтандырылған сауу залын, сондай-ақ табын мен өндіріс процестерін басқарудың цифрлық жүйелерін көрді. Фермада сауылған сүт көлемінің автоматтандырылған есебін жүргізуге, жабдық жұмысын қадағалауға, жануарлардың жағдайын, олардың белсенділігі мен өнімділігін бақылауға мүмкіндік беретін DairyPlan және CowScout шешімдері қолданылады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ферма шамамен 11 мың тонна сүт өндірді. Жыл басынан бері өндіріс көлемі шамамен 3 мың тоннаны құрады.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыру туралы баяндады. Өңірде 118 сүт-тауар фермасы, 9 құс фабрикасы жұмыс істейді, оның ішінде қуаттылығы жылына 600 млн жұмыртқадан асатын 6 жұмыртқа бағыты бар. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 6% өсіммен 208 млрд теңгені құрады. Ет өндірісі 82 мың тоннаға, сүт 382 мың тоннаға, жұмыртқа 631 млн данаға жетті.
Премьер-министр Мемлекет басшысы шаруаларды қолдау шараларына ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Сүт-тауар фермаларын дамыту Президенттің АӨК-дегі өңделген өнім үлесін 70%-ға жеткізу жөніндегі нақты міндетіне сәйкес келеді. Мұндай жобалар азық-түлік қауіпсіздігін нығайтады, қайта өңдеу үшін шикізат базасын кеңейтеді әрі ауылдық жерлерде тұрақты жұмыспен қамту ісін қалыптастырады.

Олжас Бектенов облыс басшылығы мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің назарын ветеринариялық қауіпсіздік мәселесіне ерекше аударды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2024 жылдан бері ветеринария саласы кейінгі 14 жылда алғаш рет жүйелі дамуға қажетті қаржы алды. Соңғы екі жылда республика бойынша жалпы құны 9,1 млрд теңге болатын 600-ге жуық ветеринарлық нысан салынды.
— Бүгінгі таңда эпизоотиялық жағдай қолайлы болып отыр. Соңғы үш жылда біздің өңірде бруцеллез 12 есе азайды, қолайсыз пункттер 7 пунктке төмендеді деген ұйғарым алдық. Аурудың күрт өршу ошағы қысқарды. Бұл үшін барлық жағдайлар жасалған, биыл республикалық бюджеттен 57 ветеринариялық пункт пен 2 ветеринариялық станса салуға 1,8 млрд теңге бөлінді. Ветеринариялық пункттердің құрылысы жеке қосалқы шаруашылықтар үшін ветеринариялық саулықты сақтауға елеулі қолдау болмақ, оларда ветеринариялық манипуляциялардың барлық спектрі жүргізіледі, — деп баяндады СҚО әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов.

