СҚО әкімі тұсау кесу рәсіміне қатысты
Республика күні сәбилер үйінің тәрбиеленушілерінің тұсауы кесілді. Петропавлда Республика күні игі дәстүр жалғасып, сәбилер үйінің тәрбиеленушілеріне арналған тұсаукесер рәсімі өтті.
Бүлдіршіндердің тұсауын Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқармасының төрағасы Ләззат Шыңғысбаева, Қазақстанның Еңбек Ері Мұрат Қаражұманов, танымал спортшылар мен өңірдің өзге де сыйлы азаматтары кесті. Олар сәбилерге зор денсаулық, бақытты ғұмыр және жарқын болашақ тіледі.

Тұсаукесер — баланың алғашқы қадамына ақ жол тілейтін, терең мағыналы дәстүр. Халқымыз сәбидің тұсауын елге сыйлы, өнегелі азаматтарға кестіріп, бала солардың жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп өссін деген ниет білдірген.
Өңір басшысы балаларға қамқорлық жасау баршаға ортақ жауапкершілік екенін және оның нақты істерден көрінуі керектігін атап өтті. Облыс әкімі тәрбиеленушілерге күн сайын мейірімі мен жылуын сыйлап жүрген сәбилер үйінің қызметкерлеріне алғыс білдірді.

