Петропавлда 280 балаға шақталған балабақша ашылды
Орталық шағынауданында 280 орындық «Алпамыс» балабақшасының құрылысы аяқталды. Әлеуметтік жоба «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылды. Жаңа нысан мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігін арттырып, жас отбасыларға балаларын үйіне жақын балабақшаға орналастыруға мүмкіндік береді.

Солтүстік Қазақстан облысында мектепке дейінгі ұйымдар желісі кезең-кезеңімен кеңейтіліп, олардың материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Соңғы үш жылда өңірде төрт балабақша салынды. Бүгінде балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту деңгейі 97,5 пайызды құрайды.

«Алпамыс» балабақшасында құрылыс жұмыстары толық аяқталып, жиһаз бен қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды, инженерлік желілер тартылды. Қазір құжаттарды рәсімдеу жұмыстары аяқталу сатысында. Сонымен қатар балаларды балабақшаға қабылдау үшін өтініштер қабылданып жатыр. Тіркеу рәсімдері аяқталғаннан кейін балабақша алғашқы тәрбиеленушілерін қабылдайды.

