Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан
Источник погодных данных: Ауа райы

Законопослушный гражданин

Ақпарат агенттігі

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов депутаттар алдында есеп берді

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов мәслихат депутаттары алдында есеп берді, деп хабарлайды тілшіміз.

Өңір басшысының сөзінше, биылғы жылдың 10 айында облыс экономикасы қарқынды даму байқалады. Дегенмен ауа райы салдарынан аграрлы өлкенің ауыл шаруашылығы саласында көрсеткіш төмендеген. Бұл жалпы даму динамикасына әсер етпей қоймады.

«Ауыл шаруашылығы саласында төмендеу байқалып, нақты көлем 84,9 пайызды құрады. Қалған салаларда оң динамика сақталуда: өнеркәсіпте өсім – 113 %, құрылыста – 122 %, тұрғын үйді пайдалануға беруде – 112 %, инвестиция тартуда – 120,3 % құрады. Жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіпте 105 %, құрылыста – 102 %, инвестиция – 105 %, тұрғын үйді пайдалануға беруде – 102 % өсім күтеміз. Аграрлық секторда 77,4 % деңгейінде күтілуде. Сонымен қатар, 10 400 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды», — деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов. 

Өңір диқандары жылдағыдай мол астық жимағанымен, ет пен сүт өндірісінде айтарлықтай жақсы көрсеткіш байқалады. Облыста заманауи фермалар, бордақылау алаңдары салынып жатыр. Мәселен қазір 12 мың басқа арналған 13 сүт кешені құрылысы қызу жүріп жатыр. Оның 6-ауы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

«10 айда ет өндірісі 2 пайызға (92,2 мың тонна), сүт өндірісі 3,4 пайызға өсті (603 мың тонна), 589 миллион жұмыртқа өндірілді (96,6%). Облыста жылына 647,8 мың тонна сүт өндіріледі, бұл республикалық көлемнің 10 пайызын құрайды. Мемлекет басшысы, халықты қолжетімді және сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуді басты басымдық ретінде белгіледі. Сондықтан, біздің басты міндетіміз – еңбек өнімділігін ұлғайту және ауыл шаруашылығын жаңғырту. Бұған инвестиция тарту арқылы қол жеткіземіз», — деді өңір жетекшісі.

Солтүстік Қазақстан – республика бойынша ауыл шаруашылығына ең көп инвестиция тартқан облыс. Елімізде 780 млрд теңгеге жуық қаржы құйылса, соның 150 млрд астамы аққайыңдар өлкесіне тиесілі. Өндіріс, құрылыс, білім беру, денсаулық сақтау, спорт пен мәдениет. Жол жөндеу мен су тарту тағы бар. Аймақ басшысы әр салаға тоқталды, атқарылған істі, жоспарды баяндады. Көзделген жұмыстың бірі – «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде 27-ші жылға дейін 304 ауылды талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосу.

«Мемлекет басшысының ауылдағы білім нысандарын жылдам интернетпен қамтамасыз ету» тапсырмасын орындау мақсатында облыс мектептерінің 100% интернет желісіне қосылған. Байланыс операторларымен бірлесіп жылдамдықты арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, 170 мектеп «Старлинк» спутниктік желісі арқылы қосылады», — деді аймақ басшысы.

Есеп беру жиынында депутаттар көкейде жүрген проблемаларды көтерді. Қоқыс полигондарын ретке келтіру, жылу мен жарық беруді жақсарту, қоғамдық көліктерді қаржыландыру, сонымен қатар, жастарды баспанамен қамту. Осы және өзге де мәселелерге қатысты сауалдар қойылды.

«Жергілікті қазынадан және «Отбасы банктен» 700 миллион теңге қаржы бөлінеді. Бұл қаражатқа 18 бен 35 жас аралығындағы жастарға жаңа бағдарама әзірлегіміз келеді. Ол бойынша өңірге келген азаматтар баспаналы болмақ. Жобаны келер жылдың басында іске қосамыз. Бұдан бөлек, спорт пен мәдениет салаларына қатысты да бағдарлама дайындау жоспарда бар», — деді Ғауез Нұрмұғамбетов.

2023 жылы өңір бюджеті 420 миллиард  теңгеден 499 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылды. Келер жылы көрсеткіш бұдан жоғары болады. Жиын барысында депутаттар қаржының қанша пайызы әлеуметтік салаға бағытталатынын сұрады. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жалпы көлемнің 40 проценті әлеуметтік сектордағы жұмыстарға жұмсалатынын мәлімдеді.

 

 

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *