СҚО полицейлері сегіз күнде 12 қару тәркіледі
Солтүстікқазақстан тәртіп сақшылары сегіз күнде 12 бірлік қару тәркіледі, деп хабарлайды тілшіміз.
Облыс аумағында 20 қарашадан бастап «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Басты назарда – қоғамдық қауіпсіздікпен байланысты бағыттар, оның ішінде тіркелмелеген қаруды сақтау фактілерін анықтау жұмыстары да бар.
Тайынша ауданында 49 жастағы тұрғынның үйінде 12-ші калибрлі ТОЗ-34 мылтығы тәркіленіп алынды. Ер адамның айтуынша, оны 20 жыл бұрын Ресей Федерациясына кетіп қалған танысы тастап кеткен.
Ал басқа ауылда 58 жастағы аңшы тіркелген ИЖ-182 мылтығынан бөлек, 16-калибрлі ИЖ-5 сыңар ауыз мылтығын сақтаған. Ер адам қаруды 10 жыл бұрын ешкім тұрмайтын үйден тауып алғанын айтқан. Екі жағдайда да ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 482-бабы бойынша хаттама толтырылды. Қару тәркіленіп алынып, сараптамаға жіберілді.
«Егер қару тауып алған болсаңыз, оны дереу полицияға тапсыру қажет. Егер тіркелмеген қару мұра ретінде не болмаса басқа жолмен берілсе, оны да ішкі істер органдарына тапсырған жөн. Тіркелмеген қару оқыс оқиғаға себеп болуы немесе ұрылардың қолына түсуі мүмкін. Заңсыз сақталған қаруды ерікті түрде тапсырған тұлға, егер әрекетінде қылмыстың белгілері болмаса заң алдындағы жауапкершіліктен босатылады», – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Іс-шараның 8 күнінде облыста 12 бірлік атыс қаруы тәркіленді. Оның ішінде бір травматикалық және бір иір ұңғылы, бұл фактілер бойынша қылмыстық іс қаралып жатыр. Бұдан бөлек, полицейлер 3,5 мыңнан астам түрлі құқық бұзушылықтарды анықтап, есепте тұрған 4,4 мыңнан астам адамды тексерді.