Петропавлдық «SMB GROUP Family» ЖШС –не «Іскер» сыйлығы табысталды

Бүгін Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарын табыстау рәсімі өтті. Байқаудың қорытындысы бойынша Петропавл қаласында орналасқан «SMB GROUP Family» ЖШС басшысына «Іскер» арнайы сыйлығы табысталды, деп хабарлайды тілшіміз.
Биыл «Алтын сапа» байқауына қатысуға 221 отандық компания өтінім берді. Олардың қатарында солтүстікқазақстандық «Изолит» және «Қазмясопродукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар.
«Қараша айында «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының өңірлік кезеңінде 9 жеңімпаз компания анықталса, 7-уі Астанадағы республикалық кезеңде өңіріміздің намысын қорғады. Олардың бірі – «SMB GROUP Family» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Өндіріс ошағы 2020 жылдан бастап «big bag» және «sling bag» қапшықтарының өндірісімен айналысады. Солтүстікқазақстындық кәсіпорын бұл байқауға алғаш рет қатысып, «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» көрмелерінде өз тауарын таныстырды. Нәтижесінде «Іскер» сыйлығын ұтып алды. Кәсіпкерлер палатасы атынан серіктестікке мол табыс тілеймін», – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Есжан Оразалин.
«SMB GROUP Family» серіктестігі Петропавлда полипропилен қапшықтарын жасаумен айналысатын кәсіпорын. Ол 2020 жылы облыстық мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына және индустрияландыру картасына енгізілді. Бүгінгі күні мұнда 234 қызметкер жұмыс істейді.
«Компаниямызды Қазақстанның тау-кен өндіру саласындағы үздік компаниялары мойындаған. «Іскер» сыйлығы біздің жұмысымызға берілген жоғары баға деп есептеймін. Біз тапсырыс берушінің талғамына сай қапшықтарды жасаймыз. Үлкен сөмкелер түрлі жүктерді тасымалдауға және сақтау үшін пайдаланылады. Қапшықтарымыз 3,5 тоннаға жүкті көтеруге қауқарлы. Өнімімізді ішкі нарықта да, көрші елдерге де саудалап жатырмыз. Экспортқа тауарымыздың 39-40 пайызы шығарылады» , – дейді «SMB GROUP Family» ЖШС директоры Мұқан Сәдуов.

