Петропавлда президент шыршасы өтті
Петропавлда дәстүрлі Президент шыршасы өтті. Өңірдің барлық ауданымен облыс орталығынан жиналған бүлдіршіндерді Мемлекет басшысының атынан облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады, деп хабарлайды тілшіміз.
Жаңа жылдық салтанатқа оқуда озат, қоғамда белсенді және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 200-ге тарта оқушы қатысты. Олар мектеп формасын түрлі жаңа жылдық костюмдерге ауыстырып, өз өнерлерін паш етті. Сондай-ақ шытырман оқиға толы сиқырлар әлеміне саяхат жасады.
«Көп балалар өнер көрсетті. Олардың биі, әндері қатты ұнады. Мен барлық қатарластарыма бақыт және жақсы оқуды тілеймін», — дейді мектеп оқушысы Меруерт Сепен.
«Бір тұтас Қазақстан – менің туым» деген костюмді арнайы тіктік. Анам және мектептегі мұғалімдер көмектесті. Президент шыршасына қатысып жатқаныма өте қуаныштымын. Жаңа дос таптық. Ән айттық, би беледік, ойын ойнадық. Жаңа жыл жақсы өтсін» , — дейді мектеп оқушысы Інжу Болатханқызы
Салтанатты шараға 200 жеткіншек арнайы шақырту алды. Олардың қатарында ата –ана қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндер де бар. Барлығы оқуда озат, түрлі байқауларда жақсы нәтижеге қол жеткізгендер.
«Президент шыршасына қатысып жүрген балалардың барлығының жетістіктері бар. Білімде, спортта, шығармашылықта. Кешегі күннен бері түрлі баңдарлама ұйымдастырылды. Мұражайларға саяхат жасадық. Кешкі сауықтыру бағдарламасы тағы бар», — деді облыстық білім басқармасының бас маманы Зәмзәгүл Тұрлыбаева.
Бұл күні ешкім құралақан қалған жоқ. Барлығына тәттілермен, кітап және планшет сыйға тартылды.